Бүгін "Тарлан" мұз айдынында следж-хоккейден елордалық құрамаға хоккей жабдықтары салтанатты түрде тапсырылды.
Жаңа спорт түрі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істей бастады. Қазір команда толығымен жасақталған және 10 алаң ойыншысы мен екі қақпашыдан тұрады. Қазіргі уақытта бұл следж-хоккейден Қазақстанда бойынша ең бірінші команда.Іс-шараға "Дене шынықтыру және спорт басқармасының" басшысы Ерғалиев Самат Серікқанұлы қатысты. Елордалық басқарма басшысы командаға жарыстарға сәттілік тілеп, елордамызда пара спорттың дамуына белсенді қолдау білдіріп отырған елорда әкімдігінің еңбегін атап өтті.
"Спорт басқармасына, елорда әкімдігіне және мүгедек спортшыларға арналған БЖСМ-не осы спорт түріне қолдау білдіргені үшін алғысымызды білдіреміз. Алдымызда үлкен жоспарлар тұр, біздің мақсатымыз – следж-хоккейді тек елордада ғана емес, бүкіл Қазақстанда дамыту", - деді қаааламыздың аға жаттықтырушысы Тимур Бикситов.
Іс-шара соңында мүгедек спортшыларға арналған елордалық мектептің хоккейшілері мұз үстінде шеберліктерін көрсетіп, ұйымдастырушыларға құрал-жабдықтар мен іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.